Ерсайын Нағаспаев әр жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да қызмет атқарған. 2025 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов жаңа басшының тәжірибесіне сенім білдіргенімен, жиын жылы лебізбен ғана шектелген жоқ. Үкімет басшысы ұжымға нақты тапсырма қойды.
"Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін.
Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Үкіметтің жаңа басшылыққа жүктеген басты талаптары:
- "Дарбаза – Мақтаарал" және "Мойынты – Қызылжар" учаскелерін биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру;
- "Бақты – Аягөз" желісін келесі жылы аяқтау;
- Локомотивтер мен вагондар өндірісінде отандық кәсіпорындарға басымдық беру;
- "Alatau Air Cargo" жүк әуе компаниясы арқылы толыққанды мультимодальды жүйе құру;
- Теміржолдағы процестерді түбегейлі цифрландыру.
Сонымен қатар жылжымалы құрамның отандық өндірісін одан әрі дамыту міндеті айрықша атап өтілді. Елімізде локомотивтер мен вагондар шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқанын ескере отырып, отандық тауар өндірушілерге жүйелі түрде қолдау көрсету қажет.
Жүк тасымалдаудың толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастырудың, теңіз көлік инфрақұрылымын дамытудың және инвестормен бірлесіп "Alatau Air Cargo" АҚ жүк авиакомпаниясының қызметін тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Көлік процестерін цифрландыру бағытында қосымша резервтер сақталатыны айтылды. Осыған байланысты "ҚТЖ" ҰК" АҚ жаңа басшылығы цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмысты жандандырып, компания қызметінің тиімділігін арттыру үшін олардың әлеуетін барынша пайдалануы қажет.
Айта кетейік, бүгін Президент Жарлығымен Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды.
Артынша 46 жастағы Ерсайын Нағаспаев "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының шешімімен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.