Бостандыққа дайындық: Семейде сотталғандар аспаздықты үйренді

82

Бастама әлеуметтік бейімделу арқылы қайталама қылмыстың алдын алуға бағытталған.  

Бостандыққа дайындық: Семейде сотталғандар аспаздықты үйренді Фото: polisia.kz

Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандарға арналған аспаздық ісі бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Курс босап шыққаннан кейінгі әлеуметтік бейімделу және жұмыспен қамтуды арттыру бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. Курс Семей қаласындағы "Бизнес және сервис" колледжінің оқытушыларының қатысуымен өткізілді.

Тәжірибелік бағыттағы шеберлік сабағында қатысушылар негізгі аспаздық дағдыларды меңгеріп, фастфуд тағамдарын дайындау технологиясымен танысты. Сондай-ақ асүйдегі жұмыс процесін ұйымдастыру және санитарлық талаптардың негіздерін үйренді.

Сабақтың мақсаты – қоғамдық тамақтану саласында бастапқы кәсіби дағдыларды қалыптастыру, еңбек құзыреттерін дамыту және сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

– Бұрын мен аспаздықпен кәсіби түрде айналыспаған едім, тек өзім үшін қарапайым тағамдар дайындайтынмын. Курс барысында бұл істің нағыз мамандыққа айналуы мүмкін екенін түсіндім, – деп бөлісті қатысушылардың бірі.

Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айдын Уваисовтың айтуынша, кәсіптік оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

– Біздің мақсат – сотталғандарды тек жұмыспен қамту ғана емес, оларға бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға көмектесетін нақты әрі сұранысқа ие дағдылар беру. Аспаздық саласы – мамандарға тұрақты сұраныс бар бағыттардың бірі. Мұндай курстар өзіне деген сенімділікті арттырып, еңбекке жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады, – деді ол.

Ұйымдастырушылар мұндай білім беру жобалары алдағы уақытта да жалғасатынын және оқытылатын мамандықтар тізімі кеңейтілетінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу