Ботсвана мемлекеті Германияға 20 мың піл жібереміз деп қорқытуда

211

Ол неміс билігінің аңшылық олжалардың импортын шектеу туралы ұсынысына осылай жауап берді. 

Ботсвана мемлекеті Германияға 20 мың піл жібереміз деп қорқытуда Фото: вокруг света

Ботсвана президенті Мокветси Масиси Германияға 20 мың піл жіберемін деп қорқытты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Германияның Қоршаған орта және табиғатты қорғау министрлігі аңшылық олжалардың әкелінуіне шектеу қоюды ұсынғаннан кейін, президент Масиси немістің Bild басылымына берген сұхбатында пілдер популяциясын қорғау үшін қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны көбейіп кеткенін еске салды. Ол пілдердің санын шектеудің жалғыз жолы аңшылық екенін жеткізді. 

"Егер трофейлерді экспорттауға тыйым салынса, аң аулауға болмайды. Соның салдарынан Ботсвана халқы табысының едәуір бөлігін жоғалтады. Ал пілдердің саны одан қатты көбейеді. Немістер бұл ұсынысты қабылдамас бұрын өздері де жануарлармен бірге өмір сүріп көруі керек деп есептеймін", - деді президент Масиси. 

Дүние жүзінде піл популяциясының үштен бірі, яғни 130 мыңнан астамы Ботсванада тұрады. Олар егістіктерді таптап, жеке меншік жерлерге зиянын келтіріп, кейде адамдарды өлтіреді.

Ботсвана үлкен мемлекет, көлемі шамамен Украинамен бірдей. Алайда оның аумағының үштен екісі шөл, ал қалған бөлігінде небәрі 2,5 миллион адам тұрады.

Ботсвана көршілес Анголаға 8000 піл сыйлады және олардың санын қандай да бір жолмен бақылауға алу үшін Мозамбикке тағы бірнеше жүз пілді тарту етті. 

"Біз Германияға осындай сыйлық ұсынғымыз келеді", - деді Масиси.

Бұған дейін осы ұсынысты Ботсвананың жабайы табиғат министрі Думезвени Мтимкхулу жасаған еді. Ол британдықтар "пілмен өмір сүрудің ләззатын сезінуі үшін" үшін Лондондағы Гайд паркіне 10 мың піл жіберемін деп қорқытқан болатын.

Наурызда британдық парламентарийлер аңшылық олжалардың импортына толық тыйым салу туралы заң жобасын талқылады. Алайда бұл құжатты талқылау және қайта қарау процесінің басы ғана.

Аңшылық олжаларды әкелуге тыйым салу туралы ұсыныс билеуші ​​​​Консервативтік партияның сайлауалды бағдарламасына 2019 жылы енгізілген.

Ботсвана және басқа оңтүстік Африка елдері батыстық бай аңшыларға жабайы аңдарды атуға және олардың бастарын немесе терісін олжа ретінде үйлеріне апаруға лицензия сату арқылы жақсы табыс табады.

Бұл елдердің билігі бұдан түскен қаржы табиғатты қорғауға және нәтижесінде браконьерліктен онша пайда көрмеген жергілікті халыққа көмектесуге жұмсалады деп отыр.

Жануарлардың құқықтарын қорғаушылар бұл қатыгездік, оны тоқтату керек деп есептейді.

"Кейбір аймақтарда пілдердің саны адамдардан асып түседі. Олар жолына кедергі болған балаларды өлтіріп, егістікті таптап, африкалықтарды аш қалдырып жатыр" - деді министр Мтимхулу. 

Жануарларға адамгершілікпен қарауды жақтайтын коммерциялық емес Humane Society International ұйымының мәліметінше, 2021 жылы Германия Еуропалық Одақ ішіндегі африкалық пілдер мен аңшылық олжалардың ең ірі импорттаушысы болды. 

Ботсвана 2014 жылы піл аулауға тыйым салды. Бірақ жергілікті қауымдастықтардың қысымынан кейін шектеулер 2019 жылы алынып тасталды.

Қазір пілдерді атуға жыл сайынғы квота бар және аңшылық лицензияларының саны шектеулі және қатаң бақыланады.

Германияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ботсвана оларға өз проблемалары туралы ештеңе айтпағанын жеткізді. Мұндай тыйымдар Австралия, Франция, Бельгия және басқа да бірқатар елдерде енгізілген.

Ал Ботсвана, Зимбабве және Намибия піл сүйегінің қорын сатуға рұқсат беруді талап етуде.

Алайда Шығыс Африка елдері мен жануарлар құқығын қорғаушылар тыйымды алып тастау браконьерлікті ынталандырады деп, бұл қадамға қарсы шығуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу