Бозымбаев бензин бағасының қымбаттауын түсіндірді

811

Бозымбаев бензин бағасының қымбаттауын түсіндірді

Жекелеген жанармай құю стансаларына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Автомобиль бензинін өндiру көлемі 2 млн 270 мың тоннаны, өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 103,6 пайызды құрады. Республика бойынша АИ-92 бензинiнiң орташа бағасы қаңтар айында литрiне 135 теңге болған еді. Ал қыркүйек айында 150 теңгеге дейiн қымбаттап, өсiм 11 пайызға жетті", - деді ол. Оның айтуынша, шiлде-тамыз айындағы 15 пайыздық  импорт үлесi қыркүйекте 30 пайызға жеткен. "Бұл қыркүйек-қазан айларында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға бағытталған жөндеу жұмыстарымен байланысты болды. Соның салдарынан нарықта қазақстандық мұнай өнiмдерi шектеулі ұсынылып, құны қымбат импорттық бензин үлесi артты. Бұл республиканың жанармай бекеттерiндегі бағаның өсiмiне түрткі болды", - деді Бозымбаев.

Министрдiң дерегінше, мамыр айымен салыстырғанда шекарадағы импортталатын бензиннiң көтерме бағасы 8 пайызға көтеріліп, тоннасы 517-ден 560 долларға қымбаттаған.

"Бұл ретте дәл сол кезеңдегі теңгеге қатысты доллар бағасының өзгергендігін де ескерген жөн. Бағам бір долларға 314 теңгеден 340 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Ал ресейлікпен барлық есеп айырысулар доллармен жүргізіледі. Бұған қоса, жекелеген жанармай құю стансаларына қатысты әкімшілік із қозғалды", - деді ол.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу