Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару алдын ала қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Қыркүйекте Жоғарғы сот оны мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынысы үшін кінәлі деп танып, 27 жыл 3 ай түрме жазасына кескен еді. 4 тамыздан бері ол үкімді қайта қарау кезеңінде үй қамақта отырған.
Федералдық полиция оның қамауға алынуын сұрап, судья Алешандре де Мораэс бұған қашу қаупінің барын негіз етіп рұқсат берді. Тергеу барысында Болсонарудың Аргентина елшілігіне барып, саяси баспана сұрауды жоспарлағаны да анықталған.
Экс-президент 06:00 шамасында ұсталды. Медициналық тексерістен кейін ол жоғары лауазымды тұлғаларды ұстауға арналған федералдық полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қыркүйек айында судьялардың төрттен бірі 70 жастағы Болсонаруды мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру, демократияны күшпен құлату әрекеті, қарулы қылмыстық ұйымға қатысу, мемлекеттік және мәдени нысандарға зиян келтіру секілді бес бап бойынша кінәлі деп таныған.
Еске салсақ, 2023 жылғы 8 қаңтарда Болсонарудың жақтастары Бразилиа қаласында Конгресс, Жоғарғы сот және президент сарайын басып алған еді. Тергеу барысында "Жасыл және сары қанжарлар" атты төңкеріс жоспары қарастырылғаны айтылған. Болсонару өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарады.