Бразилияның Сеара штаты Қазақстанмен сауда және инвестиция саласында ынтымақтасуға мүдделі

281

Бірлескен жоспарларды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында, штат астанасында Қазақстанның Құрметті консулдығын ашу ұсынылды.

Бразилияның Сеара штаты Қазақстанмен сауда және инвестиция саласында ынтымақтасуға мүдделі Фото: gov.kz

Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Болат Нүсіпов Сеара штатының вице-губернаторы Габриэлла Агиармен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу Форталеза қаласында елшінің штатқа жұмыс сапары аясында өтті. Тараптар өзара сауда көлемін арттыру, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту және жасыл технологияларды енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ мәдениет пен білім беру салаларындағы бірлескен жобалар сөз болды.

Габриэлла Агиар Сеара штатының Қазақстанмен экономика, сауда және білім беру бағыттарында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Елші Б.Нүсіпов сұхбаттасушысын Президент Луланың сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, Бразилия тарапын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" аясындағы Жолдауында айқындалған Қазақстан дамуының басым бағыттарымен таныстырды.

Бұл ретте, Бразилияның федеративтік құрылымын ескере отырып, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген бірқатар бағыт бойынша өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Кездесуде Сеара штаты мен Қазақстанның өңірлерінің бірі арасында серіктестік байланыс орнату және 2027 жылы Форталеза қаласында екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін таныстыру мүмкіндігі талқыланды.

Сонымен қатар Қазақстанның штат астанасында Құрметті консулдығын ашу ұсынылды. Бұл қызметке кәсіпкер әрі "Бразилия–Қазақстан" сауда палатасы басқармасының мүшесі Серджио Фонтелезаның кандидатурасы ұсынылған.

Тараптар екіжақты байланысты нығайтып, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру бағытындағы диалогты жалғастыруға келісті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу