Бұдан былай әскерге бармаған азаматтарға әскери билет берілмейді

608

Тиісті бұйрық 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.

Бұдан былай әскерге бармаған азаматтарға әскери билет берілмейді Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда әскери билеттерді беру және азаматтарды әскери есепке алу тәртібі өзгерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа ережеге сәйкес, әскери қызмет өткермеген азаматтарға бейбіт уақытта әскери билет берілмейді.

Тиісті бұйрыққа Қазақстанның Қорғаныс министрі қол қойған. Құжатта әскери міндетті азаматтарды есепке алу, әскери билет беру және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі нақтыланған.

Құжатқа сәйкес, бейбіт уақытта әскери билеттер мына азаматтарға беріледі:

  • Қорғаныс министрлігінің жергілікті әскери басқару органдарында (ЖӘБО) Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылған кезде;
  • әскери және арнаулы оқу орындарына оқуға қабылданған кезде;
  • мамандандырылған ұйымдарда ақылы негізде әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша әскери даярланған резерв бағдарламасынан өткендерге;
  • запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтағандарға.

Бұдан бөлек, аудандық немесе облыстық маңызы бар қаладағы ЖӘБО әскери билеттерді мына азаматтарға береді:

  • әскери қызметтен немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған және белгіленген әскери қызмет мерзімін өтегендерге;
  • бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, бұған дейін әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп, белгіленген мерзімді өтегендерге;
  • басқа мемлекеттерден келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бұрын әскери (баламалы) қызметті немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге;
  • әскери атағы қалпына келтірілген және әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге.

Әскери және арнаулы оқу орындарына қабылданған азаматтарды қамтамасыз ету үшін қатардағы және сержанттық құрамның әскери билеттерінің бланкілері оқу орындарының сұрауы бойынша қажетті мөлшерде беріледі. Оған азаматтарды оқуға қабылдау туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер негіз болады.

"ЖӘБО әскери және арнаулы оқу орындарынан алынған оқуға қабылдау туралы бұйрықтардың үзінді көшірмелері негізінде ҚР Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесінде әскери билеттің бұрын берілген-берілмегенін тексереді", – делінген хабарламада. 

Ал әскерде болмаған, жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында оқымаған және арнайы әскери даярлықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта әскери билет берілмейді.

Олар бұл құжатты тек жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы енгізілген немесе соғыс уақытында ала алады.

Өзгерістер әскери құжаттарды рәсімдеу тәртібіне де қатысты. Мәселен, азаматтың аты-жөні, туған күні немесе туған жері өзгерсе, оған SMS арқылы немесе eGov порталындағы жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Азамат жеке өтініш білдірген жағдайда құжаттағы мәліметтер 1 сағат ішінде жаңартылады.

Сондай-ақ әскери билет немесе оның төлнұсқасын рәсімдеу кезінде құжаттардан қате анықталса, оны түзетуге 3 жұмыс күні беріледі. Ал әскери есепке қою туралы өтініштегі кемшіліктерді жою үшін 2 жұмыс күні қарастырылған.

Егер азаматтың әскери қызмет өткергені туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйеде болмаса, әскери басқару органдары архивтерге сұрау жолдайды. Мұндай жағдайда қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

Бұйрықта әскерге шақыруды кейінге қалдыру, әскери қызметтен босату және әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау тәртібіне де өзгерістер енгізілген.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу