Бұл – Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру мен ел-жұрттың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен бағдарламасы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бағдарлама еліміздің алдағы 3 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттерін шешуге бағытталған. Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен қамтамасыз етіледі, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Жалпы, бағдарлама экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5%-ға көбейтеді және халықтың нақты табысын орта есеппен 2-3%-ға арттыруға мүмкіндік сыйламақ.
– Жаңа инвестициялық циклды іске қосу, бизнеске бөгет болатын кедергілерді жойып, мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайтады. Сондай-ақ, жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп, әлеуметтік қолдауды нақты иесіне жеткізуге мүмкіндік береді.
Инфляцияны төмендетуге, теңгерімді тарифтік саясатты жүргізуге, экспортты ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге баса назар аударылады, – деп қоса кетті Премьер-министр.
Бағдарламаның әр бағытын нақты жүзеге асыру Премьер-министрдің орынбасарларына тапсырылған.
Бұған дейін Олжас Бектенов "Бізде жанармай көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан" деп мәлімдеген еді.