Polisia.kz жазуынша, қалада алғаш рет электрлі мопед ресми тіркеуден өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұған дейін мұндай көлік түрлері көбіне тіркеусіз қолданылып келсе, енді олар да жол қозғалысының қатысушысы ретінде рәсімделуде. Алғаш болып тіркелген мопед иесі көлікті талапқа сәйкес рәсімдеп, тиісті құжаттарын заңдастырған. Бұл бастама жолдағы тәртіпті күшейтіп ғана қоймай, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, тіркеу жүйесі электрлі мопедтердің қатысуымен болатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Электрлі мопедті тіркеу үшін азаматтар арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, жеке куәлік, техникалық мәліметтер және басқа да қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Сонымен қатар, көлік құралы техникалық тексеруден өткізіліп, мемлекеттік баж салығы төленеді.
Полиция өз кезегінде электрлі мопед иелерін көлік құралдарын тіркеуге және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр.