Алматыда тауға шығатын туристер енді міндетті түрде тіркеуден өткізілетін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Туризм басқармасының басшысы бұл жұмыстардың қауіпсіздік үшін жасалып жатқанын еске салды.
– Туристер арасында мұндай нәрсе жоқ болғанымен, біз оны енгізгелі отырмыз. Төтенше жағдайлар департаментімен, Алматы альпинизм федерациясымен бірлесіп осы мәселені қарастырып көрмекпіз. Жобалар пулы бар, алда топтасып сапар шегетіндерді тіркей бастаймыз. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін керек, – деді Алматының туризм басқармасының туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ерғалиев.
Оның сөзінше, қалада таулы бағыттарды абаттандыру мен қауіпсіз инфрақұрылым құру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі уақытта 1 000 шақырымнан астам тау жолы цифрландырылды, оның шамамен 850 шақырымы абаттандырылған. Бағыттаушы белгілер, навигациялық көрсеткіштер орнатылып, демалыс аймақтары мен қауіпсіздік элементтері жабдықталған. Былтыр қосымша 100 шақырым сүрлеу абаттандырылса, биыл тағы 350 шақырымды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, төтенше жағдайда құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін күн панельдері бар кемпинг аймақтары жасалды, – деді туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы.
Құтқарушылардың пікірінше, таудағы оқыс оқиғаның көбі туристердің жолға дайындықсыз шығуынан, қауіпсіздік ережесін сақтамауынан тіркеледі.
– Киім мен аяқкиімді дұрыс таңдамайды, жолға шығарда қолайсыз уақытты таңдап алады. Адамдар көбіне күн райы мен жүретін жолының күрделілігін ескермейді. Сапарға алдын ала дайындалып, шама-шарқына қарап алу керек. Бұл қауіпті жағдайдың алдын алуға көмектеседі. – дейді ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметінің бас құтқарушысы Вадим Пак.
Ол сонымен қатар жабайы жануарларды кезіктіргенде өзін қалай ұстау керегін айтты.
– Жануарларды үркітпеу керек, дүрлікпеуі керек. Сабыр сақтап, ақырын-ақырын шегіншектеп, арақашықтықты сақтаған жөн. Жақындап, суретке түсіп, назар аудартуға тырыспау керек. Бұл – солардың тіршілік ететін ортасы, сондықтан шектен шықпағаныңыз дұрыс, – деді Вадим Пак.
Құтқарушылар тауға шығатындарға ақыл-кеңесін де айтып өтті.
– Сапарға шығарда қайда баратыныңызды, қашан оралатыныңызды міндетті түрде айту керек. Өзiңiзбен бірге дәрі қобдишасын, су, азық-түлік пен жылы киім ала жүріңіз. Навигацияны қолдана білу керек, күн райына да көз жүгіртіп қойған артық болмайды, – деді ол.
Мамандар "осы секілді қарапайым ережелерді сақтап, туристерді тіркесек, таудағы демалысты қауіпсіз ете аламыз" деп отыр. Шынында, бұл арқылы төтенше жағдайдың санын азайтуға әбден болады.