Будапештте Қазақстан киносының күндері ұйымдастырылып жатыр

136

Венгрия астанасы Будапештте Қазақстан киносының күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Будапештте Қазақстан киносының күндері ұйымдастырылып жатыр Фото: stroi.mos.ru

Мәдени шара аясында шетелдік көрерменге қазақ халқының тарихын, ұлттық мәдениетін және рухани құндылықтарын дәріптейтін  үш отандық фильм ұсынылды.

Кино көрсетілімдері Будапешттегі тарихи Uránia National Film Theatre кинотеатрында өтуде. Іс-шараның ашылуында қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнер жолын арқау еткен "Әміре" тарихи-өмірбаяндық фильмі көрсетілді. Бағдарламада көрермен назарына "Қайтадан" (Restart) фильмі де ұсынылды. Ал кино күндерінің қорытындысы ретінде ана махаббаты, отбасы құндылықтары мен тарихи кезеңдегі адам тағдырын бейнелейтін "Анаға апарар жол" драмасы көрсетіледі.

Шараға дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік және мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, кино саласының мамандары, Венгриядағы қазақ диаспорасының мүшелері мен осы елде білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты. Жиында Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әнел Бақытбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, мәдени байланыстарды дамытудың маңызын атап өтті.

Қазақстанның атынан шараға Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясының өкілі Гүлзат Шүренова-Калищук қатысты. Сондай-ақ "Әміре" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Санжар Мәди мен "Қайтадан" фильмінің продюсері Жалын Тілеубергенов көрермендермен кездесіп, фильмдердің түсірілу тарихы мен шығармашылық үдеріс туралы әңгімеледі.

Қазақстан киносының күндері – отандық кинематографияны халықаралық деңгейде танытуға, елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Венгрия арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Мұндай мәдени іс-шаралар шетелдік көрерменге Қазақстанның бай тарихын, ұлттық мұрасын және заманауи кино өнерінің жетістіктерін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу