Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде бірінші оқылымда таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Асхат Аймағамбетов құжаттағы негізгі нормаларға тоқталды. Оның айтуынша, еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толық қорғамайтын олқылықтар көп. Осы мақсатта жаңа түзетулер әзірленген.
"Бірінші. Азаматтық-құқықтық шарттар проблемасы. Мәселе неде? Елімізде көптеген жұмыс берушілер қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін, еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт жасасуды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол "қызметкер" емес, "мердігер" болып саналады. Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл ГПХ-да отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады", – деді мәжілісмен.
Нәтижесінде қызметкерлер еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды, деді Мәжіліс депутаты.
"Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Нәтижесінде он мыңдаған адам толыққанды әлеуметтік кепілдіктерге ие болады", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.