Бүгін Абай облысында "Жеті қазына" ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі басталады

185

Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден аса ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілген.  

Бүгін Абай облысында "Жеті қазына" ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі басталады Фото: Абай облысының әкімдігі

Мерейтойға арналған шаралар облыс аумағының әр ауданында өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– 7-9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында "Абай жолы" энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың "Абай Құнанбайұлы кім?" кітабының тұсаукесері өтеді. 8 тамызда Семейде "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында "Жеті қазына" ұлттық байқауының ашылуы өтсе,  9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, "Жидебай-Бөрілі" музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Ал кешкісін орталық алаңда "Абайға тарту" концерті өтеді, – деді Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов.

Мерейтойға орай аудан орталығында өтетін ауқымды іс-шаралар кезінде тұрғындар мен қонақтарды тасымалдауға арналған автобустар өз жұмысын бастады.

"Автобустар арнайы белгіленген аялдамалардан қозғалып, мерекелік орындарға ең жақын нүктелерге дейін жеткізеді. Бұл – сіздердің жайлылықтарыңыз бен қауіпсіз қозғалыстарыңыз үшін ұйымдастырылып отыр. Сіздерден қозғалыс бағытына сай автобустарды пайдаланып, көлік кептелісін болдырмауға атсалысуларыңызды сұраймыз", – деп хабарлады Абай облысының әкімдігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу