Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Антитеррористік оқу-жаттығу таңғы сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін Бұрындай көшесінің бойындағы теміржол жолдарында өтеді.
Іс-шараның мақсаты – көлік инфрақұрылымы нысандарында болуы мүмкін террористік әрекеттердің алдын алу және мұндай жағдайларға тосқауыл қою тетіктерін жетілдіру. Оқу-жаттығу кезінде жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысын шектеу жоспарланбаған.
Полиция департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу-жаттығуға қатысатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырды.
"Қауіпсіздік шараларын сақтап, мемлекеттік органдардың жұмылдырылған қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ақпаратты ресми дереккөздерден алып, жалған мәлімет таратпау қажет", – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Полиция өкілдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.