Бүгін – Дүниежүзілік су ресурстары күні

620

Ресми ақпаратқа сәйкес, қала тұрғындарының 98,9%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Бүгін – Дүниежүзілік су ресурстары күні Фото: canva.com

1992 жылы БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференциясында 22 наурыз – Дүниежүзілік су ресурстары күні деп жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірледі. Жаңа редакцияда біз тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның су ресурстарын келешек ұрпаққа сақтау үшін нақты іс-шаралар қабылдадық. Жаңа Су кодексінде су ресурстарын тиімді пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі. Ал, су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі”, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұдан бөлек, Үкімет біздің министрлік әзірлеген ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

“Министрлік шаруаларды су үнемдеуге және оны тиімді пайдалануға ынталандыру бағытында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиядау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда ауыл халқының 96,6%-ы, қала тұрғындарының 98,9%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Министрлік 2025 жылдың соңына қарай қазақстандықтарды 100% сапалы ауыз сумен қамтуды жоспарлап отыр”, - деді ведомство басшысы.

Министрлік жұмысының тағы бір басым бағыты - елімізде су ресурстарын ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру. 

“Суды тек кәсіпорындар мен шаруалар ғана емес, кез-келген қазақстандық үнемдеуі тиіс. Сол себепті де сіздерді ортақ іске үлес қосып, судың әр тамшысына жауапкершілікпен қарауға шақырамын”,- деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу