Әскери жиын 3 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Батыс" және "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдері дабыл арқылы көтеріліп, толық жауынгерлік дайындыққа келтірілді.
Маневрлерге 3 мыңдай әскери қызметші, 1 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның арасында ұшақтар, тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды. Оқу-жаттығу 4 кезеңде өтеді.
Бірінші кезеңде әскери қызметшілер дабыл жарияланған кездегі іс-қимылды пысықтап, белгіленген ауданға аралас тәсілмен марш жасап, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісті.
– Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери басқару органдарының үйлесімділігін арттыру, қазіргі заманғы ұрыс жүргізу әдістемесін жетілдіру, жауынгерлік жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін сынақтан өткізу, – деп жазылған ресми хабарламада.
Практикалық әрекеттер күндізгі және түнгі уақытта, қорғаныс және шабуыл операцияларын жүргізу жағдайында, ұшқышсыз жүйелерді қолдана отырып өткізіледі. Оқу-жаттығу барысында әскер тектерінің өзара іс-қимылы, командалық басқару дағдылары жетілдіріледі, логистика, тактикалық байланыс және бөлімшелердің күрделі климаттық жағдайда маневр жасау қабілеті пысықталады.
"Айбалта-2025" оқу-жаттығуы 2025 жылдың 3 қазанына дейін жалғаспақ.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға өте маңызды хабарлама жасағанын жазған едік.