Бүгін – Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы тыныштық күні

686

Қырғызстанда сенбі күні сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталып, тыныштық күні басталды.

Бүгін – Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы тыныштық күні

Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясының бекітілген жоспарына сәйкес кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу былтырғы 15 желтоқсан күні басталып, дауыс беруге бір күн қалғанда тоқтайды. Желтоқсан айының ортасынан бастап, президенттікке үміткерлерге ақылы негізде телеарна эфирлеріне шығып, сайлаушыларымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге құқық берілді. Енді тыныштық күні кез келген насихат жұмысына тыйым салынған. 

Қырғызстанда бұған дейін жазба өтінішімен хабарласқан 21 мыңнан астам сайлаушы сенбі күні сағат 08:00-ден (жергілікті уақыт бойынша – 5:00) 20:00-ге дейін (жерг.уақыт бойынша – 17:00) сайлау учаскесінен тыс жерлерде дауыс бере алады. Осы елдің конституциялық заңы бойынша сайлау учаскесіне денсаулығына байланысты келе алмайтын азаматтар, ауруханада ем қабылдап жатқандар, сайлау күні жұмыста болатын ауысыммен жұмыс істейтіндер және елдімекендерден алыс жерде жүрген әскери қызметшілер мен ішкі істер орган қызметкерлері сайлау учаскесінен тыс орындарда дауыс бере алады.

Қырғыз ОСК мәліметіне сүйенсек, сайлаушылар тізімінде 3 млн 563 мың 574 адам бар. Президенттікке үміткер ретінде 17 кандидат тіркелген. Олардың қатарында өткен жылдың қазан айында болған парламент сайлауы қорытындысына наразылық көтерілісінен кейін билікке келген Садыр Жапаров та бар.  Сондай-ақ,  "Бутун Кыргызстан" оппозициялық саяси партиясының көшбасшысы Адахан Мадумаров,  Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемкомитетінің бұрынғы басшысы Әбділ Сегізбаев, "Реформа" оппозициялық партиясының жетекшісі Клара Сооронкулова, парламенттің бұрынғы спикері Қанат Исаев, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Құрсан Асанов, парламенттің депутаты Қаныбек Иманалиев та президенттіктен үміткер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу