Бүгін – Мемлекеттік қызметшілер күні

533

Қазақстанда бұл дата ресми түрде 2013 жылы бекітіліп, содан бері Мемлекеттік қызметші күні ретінде аталып келеді.  

Бүгін – Мемлекеттік қызметшілер күні Фото: ehonews.kz

2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған. Бұл тәжірибе Қазақстанға 10 жылдан кейін енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ҚР Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады.

Мемлекеттік басқару саласында адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытында елеулі өзгерістер орын алуда. Былтыр 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

Мемлекеттік қызметті дамыту келесі қағидаттарға негізделеді:

  • адалдық пен ашықтық: жалға алу және ілгерілету процедуралары қоғам үшін мүмкіндігінше ашық және түсінікті;
  • меритократия: мемлекеттік қызметке іріктеу және ілгерілету еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделген;
  • икемділік: мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа икемді тәсілдерді, инновациялар мен технологияларды енгізу;
  • үздіксіз оқыту: мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды кәсіби дамыту;
  • клиентке бағдарлану: озық жұмыс, түпкілікті нәтижеге бағдарлану және қолжетімділікті қамтамасыз ету;
  • прагматизм: практикалық пайда мен тиімділікке қол жеткізу үшін әртүрлі құралдарды қолданудың басымдығы;
  • жауапкершілік және есептілік: азаматтар мен мемлекет алдында қабылданған шешімдер мен іс-әрекеттер үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту. Жұмыста жоғары этикалық стандарттарды сақтау, сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы іс-қимыл.

Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейіп келеді.

Мемлекеттік қызметте азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөлге ие. Себебі жан-жақты, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген әрбір маман алдымен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезіне білуі қажет. Жалпы мемлекеттік қызметтің барған сайын мәртебесі өсіп, жауапкершілігі арта беретін болады. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметшінің алдына барған адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен талантты жастарға әлеуметтік лифт болатын Президенттік жастар кадр резерві жобасы қолға алынған. Оған жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл еңбек өтілі және 35 жастан аспаған азаматтар қатыса алады. 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытып, соның ішінен 400 адам мемлекеттік қызметке қабылданған. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отыр. Атап айтқанда, 167-сі орталық мемлекеттік органдарда, 37-сі жергілікті атқарушы органдарда, 62-сі ұлттық компанияларда, 52-сі өзге ұйымдарда қызмет істеп жүр. Резервке алынған 39 маман саяси лауазымдарда, 3 адам "А" корпусының лауазымдарында жұмыс істейді. 2 Мәжіліс депутаты, 1 бір мәслихат депутаты бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу