"Бұл жыл сіздерге арналды": Президент еріктілерді Халықаралық волонтерлер жылымен құттықтады

408

Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. 

"Бұл жыл сіздерге арналды": Президент еріктілерді Халықаралық волонтерлер жылымен құттықтады Фото: Ақорда

"Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі. Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше мән беріліп келе жатқанын атап өтті. 

"Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын! Сондай-ақ мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен елімізде "Таза Қазақстан" бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айттым. Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 сессиясында 22 сәуірді "Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні" деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады. Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр", – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жастардың ел дамуындағы орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, білімді, белсенді, талапты әрі көзі ашық жастар – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын негізгі күштердің бірі.

"Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында! Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Баршаңызға амандық және сәттілік тілеймін!", – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу