BILD басылымы Бундестагтың бюджет комитеті Германия Қорғаныс министрлігінің кезекті жобасын бұғаттағанын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2021 жылы осындай 153 контейнер 21,8 млн еуроға тапсырыс берілсе, енді жаңа партияның құны 262,67 млн еуроға жетпек болған. Бір контейнердің бағасы 142 мың еуродан 291 мың еуроға дейін өскен.
Бұл контейнерлер алдымен Литва аумағындағы бригада қажеттілігі үшін, кейін Германия армиясының өзге бөлімдерін қамтамасыз етуге пайдаланылмақ. Бундесвер жалпы саны 4 мыңға дейін осындай контейнер сатып алуды жоспарлап отыр. Бұған шамамен 1 млрд еуро жұмсалуы мүмкін.
Десе де, депутаттар тапсырыс көлемі артқанымен, бағаның төмендеудің орнына екі еседен аса қымбаттауына наразы болды. Сонымен қатар, Бундестаг өкілдерінің айтуынша, нарықтағы ұқсас контейнерлердің біреуі шамамен 60 мың еуро тұрады.
Нәтижесінде депутаттар Қорғаныс министрлігін өндірушімен келіссөздерді қайта бастауға міндеттеді. Олар бағаны төмендетуді және алдағы уақытта бәсекелі сатып алу тәртібін енгізуді талап етіп жатыр.
Кейбір депутаттар бұл жағдайды әскери ведомствоның "қорғаныс өнеркәсібімен келіссөзді нашар жүргізетінін" әрі "бюджет қаржысын тиімсіз жұмсайтынын" көрсететін мысал деп бағалап отыр.