Бурабайда туризмді жыл бойы дамытуға басымдық берілді

381

Курортты өңірге облыс туристерінің 86 пайызы келеді.  

Бурабайда туризмді жыл бойы дамытуға басымдық берілді Фото: ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің ресми telegram

Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай курортты өңірінде туристік инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жұмыс сапары барысында өңірдің дамуымен танысып, туристік бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және Бурабайды жыл бойы демалуға болатын курорт ретінде дамыту мәселелері қаралды.

Вице-министр бірқатар туристік нысанды аралады. Олардың қатарында "Абылай хан" қонақүйін қайта жаңғырту, этно-кофехана мен визит-орталық салу, "Бөлектау" қоғамдық кеңістігін дамыту, қайық станцияларын жаңарту, Алимусиндер көшесін қайта жаңғырту және Громотуха өзені арқылы көпір салу жобалары бар.

Сонымен қатар автотұрақ, көпфункционалды Конгресс-орталық, Burabay Grand Village коттедждер қалашығы, Aqbura Resort курорттық аймағы және Үлкен Шабақты көлінің жағалауы қаралды.

"Туристер санын арттырумен қатар, туристік ағынды біркелкі бөлуге, жаңа нысандар мен бағыттарды дамытуға және жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін жағдай жасауға баса мән беру қажет. Заманауи инфрақұрылым, жаңа инвестициялық жобалар және қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейі Бурабайдың жыл бойы туристерді қабылдайтын орталық ретіндегі әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, Щучье-Бурабай курортты өңіріне Ақмола облысына келетін туристердің шамамен 86%-ы тиесілі. Жаңа жобалар туристік маусымды ұзартып, демалыс сапасын арттыруға және ең көп жүктеме түсетін аумақтарды жеңілдетуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу