БҰҰ атына жиі сын айтылады, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ – Президент

Қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізіліп келеді.  

БҰҰ атына жиі сын айтылады, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ – Президент Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы "ШЫҰ плюс" саммитінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғысын жаудырды.

Сондай-ақ, Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.

Бұдан соң Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікірін ортаға салды.

– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы – халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу