БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қасиетті Рамазан айының басталуына орай әлемдегі мұсылмандарға үндеу жасады. Ол Рамазанды рухани ойлану, дұға және бейбітшілікке ұмтылу кезеңі ретінде атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Антониу Гутерриштің айтуынша, Рамазан "үміт пен бейбітшіліктің асыл көрінісін" алып келеді, алайда миллиондаған адамдар үшін бұл әлі қол жетпес күйінде қалып отыр. Ол Ауғанстаннан Йеменге, Газадан Суданға дейінгі аймақтарда адамдар қақтығыстарға, аштыққа, мәжбүрлі көшуге және кемсітушілікке тап болып отырғанын еске салды.
Бас хатшы халықаралық қауымдастықты Рамазанның негізгі үндеуіне құлақ асуға, қайшылықтарды еңсеруге, азап шеккендерге көмектесуге және әр адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға шақырды.
Гутерриш жыл сайын Рамазан басталғанда мұсылман қауымдарының біріне барып, оразаға қосылатынын жеке дәстүрі ретінде атап өтті.
"Мен әр жылы Рамазанның бейбітшілік пен мейірім идеясынан шабыт аламын", – деді ол.
Рамазан – ислам күнтізбесінің тоғызыншы айы, мұсылмандар үшін ең қасиетті кезең. Бұл айда олар таңнан күн батқанға дейін ораза ұстайды. Рамазан айы Рамазан айт мерекесімен аяқталып, рухани жаңаруды білдіреді.