БҰҰ қауіпсіздік кеңесі: АҚШ дайындаған жобаға Ресей вето жариялады

1487

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі: АҚШ дайындаған жобаға Ресей вето жариялады

Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінде "Сирияда химиялық қарудың қолданылуын зерттеу" мәселесі төңірегінде талас туындады. Тексеруді одан әрі жалғастыру туралы АҚШ дайындаған жобаға Ресей вето жариялады, деп хабарлайды 24.kz.

Құжатты 12 мемлекет қолдаған. Ал Қытай мен Египет дауыс беруден бас тартты. Іле-шала Ресей бұл іске қатысты өз мамандары дайындаған жобаны ұсынған. Алайда АҚШ бастаған бірнеше мемлекет бұл қарарға қарсы шығып, қабылдамай тастады.

"Америкалықтар ұсынған қарар жобасында тепе-теңдік сақталмаған. Сарапшылар талқылап, қайта қарағанымен, мәтіннің нұсқасына ешқандай түзету енгізілмеді. Бұған дейінгі зерттеу тобы көрсеткен кемшіліктері сол қалпында қалған. Енді бірлескен механизмнің жұмысы тоқтаса, жауапкершілік осы жобаны дайындап, оны қолдағандардың мойнында болады", - дейді Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя. 

Алғаш рет бұл қарар 2015 жылы қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекеттің бірауыздан дауыс беруі негізінде қабылданған болатын. 2016 жылы ол тағы бір жылға ұзартылды. Егер осы жолы қайта қабылданбаса, бүгіннен бастап Сириядағы химиялық қарудың қолданылуын бірлесіп зерттейтін топ жұмысын тоқтатады. Біріккен ұлттар ұйымының жанынан жасақталған сарапшылар тобы соңғы рет Сирияның Хан-Шейхун қаласында үкімет әскері химиялық қару қолданды деген қорытынды жасаған болатын. Алайда Ресей тарабы қорытындының ақылға сыймайтынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу