БҰҰ Қазақстанның Астанада өңірлік орталық құру туралы бастамасын қолдады

572

Астанада ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен, БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Интерполдың қолдауымен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған халықаралық конференция басталды.

БҰҰ Қазақстанның Астанада өңірлік орталық құру туралы бастамасын қолдады Фото: polisia.kz

Конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов Астанада БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік орталығын құру туралы бастама көтерді. Орталықтың қызметі Қазақстанды ғана емес, бүкіл Еуразия өңірін қамтиды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Бізге бірлескен талдау жұмысы қажет. Жекелеген қылмыстарды ғана емес, трансұлттық қылмыстық схеманы тұтастай көре білуіміз керек. Қылмыстық топтардың өзара қалай байланысатынын, ұрланған қаражаттың қалай қозғалатынын және қандай жаңа қауіп-қатерлер туындайтынын түсіну маңызды. Осы мәліметтер негізінде бірлескен шешімдер қабылдауымыз қажет, – деді министр.

БҰҰ басшылығы аталған бастамаға оң көзқарас білдірді. Жаңадан құрылатын орталық қызметінің негізгі бағыттары – киберқауіптерге терең талдау жүргізу, тәжірибе алмасу, қылмыстарды тергеу жұмысын жетілдіру және мамандар даярлау.

Қазақстан цифрлық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бастамашы болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету және азаматтарды заманауи қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Конференцияға 27 шет мемлекеттің өкілдері қатысып жатыр.

Халықаралық конференцияның мақсаты – трансұлттық киберқылмысқа бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау, озық технологиялармен алмасу және нақты практикалық шешімдер әзірлеу мәселелері тұр.

Астана Қазақстанның өз тәжірибесін таныстырып қана қоймай, азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған жаңа халықаралық бастамаларды ұсынатын маңызды алаңға айналып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу