Күн тәртібіндегі басты мәселе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту мен полиция қатарындағы тәртіпті нығайту болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу жөнінде қатаң ұстаным білдірді.
– Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді, – деді Ержан Саденов.
Жиында қылмыстық істерді тергеу сапасына ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдың резонансты оқиғалары бойынша тергеу іс-шараларының барысы туралы ақпарат тыңдалды. Мысалы, Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылануда. Министр тергеу-жедел бөліністеріне жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етуді тапсырып, барлық кінәлі тұлға заң негізінде әділ жазасын алуы тиіс екенін айтты.
Мұнан өзге ІІМ басшысы қылмыстық құқықбұзушылықтың жаңа құрамы ретінде сталкингке қарсы іс-қимыл мәселесіне арнайы тоқталды. Қысым көрсету, қорқыту және қудалау туралы кез келген сигналдар дер кезінде анықталып, трагедиялық салдарға ұласқаннан соң емес, уақытылы құқықтық баға алуы тиіс екені қатаң ескертілді.