"Былапыт сөз айтып, балағаттады": Қазақстан футболындағы төрешінің басы дауға қалды

Кеше Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы семейлік "Елімаймен" кездескен еді.   

"Былапыт сөз айтып, балағаттады": Қазақстан футболындағы төрешінің басы дауға қалды Фото: stan.kz

Десе де, матчтан кейін төрешілікке қатысты дау әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға былайша басталған. Әуелі төрешінің әділетсіздігіне ашынған жанкүйерлер оған қоқыс лақтырады. Осыдан соң ол ашумен орынсыз әрекет жасап, былапыт сөздер айтқан. 

– Бұл матчтағы басты тұлға – бас төрешінің өзі. Осы уақытқа дейін футболда жүріп, төрешінің бапкерлер мен ойыншыларға мұндай қарым-қатынас танытқанын көрген емеспін. Бас төреші Арман Есмұратов былапыт сөз айтып, ашық түрде балағаттады. Мұны көрген де, естіген де адамдар бар. Оны төреші алаңнан қуып жіберген Әли Пайруз да растай алады, – деді "Елімайдың" бас бапкері Андрей Карпович. 

Бапкердің сөзінше, бұл – футболда болмауға тиіс өрескел жағдай. 

– Ол тағы да чемпионаттың қалған жарты жылында "Елімайды" қыспаққа алатынын айтты. Мұны бәрі біліп жүргенін қалаймын. Тиісті органдар бұған назар аударады деп үміттенемін. Мұндай адамдар еліміздің абыройына, спортымыздың беделіне нұқсан келтіреді, – деді ол. 

Бапкердің сөзін "Елімай" командасының жартылай қорғаушысы Жан Әли Пайруз да растап отыр. 

– Футболшылар киім ауыстыратын бөлмеде аң-таң болды. Төрешінің неге өзін олай ұстағанын түсіне алмай отырмыз. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. 26 жыл өмірімде, оның 20 жылын футболға арнадым, бірақ бірде-бір төрешінің осындай әрекетке барғанын көрген емеспін. Ойын барысында Хрвое Илич сары қағаз алған сәтте төреші оған ағылшын тілінде: "Shut the f...ck up!" деп айтты. Бүгін оның төрелігіне баға бергім келмейді, – деді футболшы Жан Әли Пайруз.

"Елімай" футбол клубының жанкүйерлері төреші Арман Есмұратовтың орынсыз әрекетке жол бергенін айтып, Абай облысының әкімі Берік Уәлиге ашық үндеу жолдаған. 

– Ойын аяқталған соң әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде төрешінің клуб өкілдеріне қатысты әдепке сай келмейтін сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткені туралы ақпарат тарады. Бұл дерек расталған жағдайда, мұндай әрекет назардан тыс қалмауға тиіс.

Біз үшін "Елімай" жай ғана футбол клубы емес. Бұл – Абай облысының маңызды әлеуметтік жобасы, өңіріміздің символы. Клуб облыстың ондаған мың тұрғынын, балаларды, жастарды, спорт ардагерлерін және футболды шын сүйетін жандарды біріктіреді, – делінген үндеуде.

Өз кезегінде Абай облысының әкімі Берік Уәлиден жағдайды жеке бақылауына алатынын жеткізді. 

– Кешеден бері жергілікті "Елімай" футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініштер келіп түсіп жатыр. Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз.

Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.

Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, – деп жазды Берік Уәли. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу