Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 130 млн доллардан асты

98

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 130 млн доллардан асты Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды. 

Президент шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені және Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін, ал екіжақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті. 

– Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістіктер бар. Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы. 

Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. 

Ухнаагийн Хурэлсух бұл сапар нәтижесінде қос халықтың достығы мен сан қырлы ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.

– Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу, – деді Моңғолия Президенті. 

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи уақиға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға негіз болатынына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу