Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрады

253

Қазақстан мен Түркияның Үкіметаралық комиссия отырысы өтті.    

Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрады Фото: primeminister.kz

Отырыста сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Біздің мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның шынайы достығы жақсы дәстүрге және екіжақты қарым-қатынастардың берік іргетасына айналды.

Біздің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Түркия – Қазақстанның бес негізгі сауда серіктесінің бірі. Елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 9%-ға артты. Оның ішінде Қазақстан тауарларының экспорт көлемі 17%-дан астам өсіп, $3,9 млрд-қа жетті. Қазақстан Үкіметі сауданы әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізуге мүдделі", – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

"Түркия мен Қазақстан – тек дос және бауырлас мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратын стратегиялық серіктестер. Біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейіне қол жеткізуде президенттеріміз — Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешуші әрекеттері мен ортақ көзқарасы үлкен рөл атқарды. Үкіметаралық комиссияның бүгінгі отырысын біз алдағы уақыттардағы сауда-экономикалық қатынастарымыздың Жол картасын қалыптастыратын стратегиялық консультациялардың негізі ретінде қарастырамыз", – деп атап өтті Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз.

Қазақстан тарапы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өнеркәсіптік платформалар мен мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуға дайын екендігін атап өтті. Өткен жылы экономикаға шамамен $390 млн түрік инвестициясы тартылды, небәрі 20 жыл ішінде бұл сома $6 млрд-тан асты.

Бүгінде құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, АӨК өнімдерін терең өңдеу, көлік және логистика, фармацевтика өндірісі, электрондық аспаптар және тағы да басқа салаларда жалпы сомасы $4 млрд болатын 98 инвестициялық жоба іске қосылды. Одан бөлек $3,9 млрд болатын тағы 50 жоба жүзеге асырылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға артты. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты. Ортақ басымдық – Орта дәлізді дамыту және осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, "тар" учаскелерді жою, порттық және терминалдық қуаттарды кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және тарифтік саясатты үйлестіру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл бағыт бойынша жүк ағыны 7 жылда 5 есеге өсті, жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу