Былтыр Отан қорғауға аттанған 1200-ден астам сарбаздың алғашқы легі оралды

122

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Былтыр Отан қорғауға аттанған 1200-ден астам сарбаздың алғашқы легі оралды Фото: gov.kz

Елорданың теміржол вокзалында әскерге барып, мерзімді әскери қызметін аяқтап келген сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алу жиыны өтті. Бұл жолы былтыр осы вокзалдан көктемде аттанып, Алматыдағы 61993 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп келген 37 сарбазды туыстары мен достары және әскери қорғаныс қызметінің өкілдері қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықов жас сарбаздарды сапқа тұрғызып, оларға және ата-аналарына алғыс білдірді.

"Ер балаларыңызды осылай мықты азамат етіп тәрбиелеп, өсіріп, әскери борышын өтеуге жібергеніңізге алғыс айтамыз. Бұл балалар өткен жылы жас бозбала болып кеткен еді, енді міне нағыз саха сарбаз, күші мығым Отан қорғаушы болып оралды. Осындай шыныққан, шымыр, ержүрек сарбаздарымыз барда атадан балаға мирас болып келе жатқан кең байтақ жеріміз бен еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келмей, мемлекетіміздің тыныштығы мен қорғаныс қабілеті арта береді", – деді ол.

2025 жылы көктемгі әскерге шақыру кезінде Астанадан 1200-ден астам сарбаз Отан қорғауға аттанған еді. Олардың биыл көктемде алдыңғы легі келіп те үлгерді. Солардың орнына осы жылы елордадан 1440-тан астам жас азамат әскерге жөнелтілуде. Осылайша ағалар орнын інілер басып, еліміздің тыныштығын қорғауда.

"Немерем Нұржан былтыр көктемде десантшы болып әскерге Астанадан кеткен болатын. Бүгін міне, бір жыл уақыт зулап өте шықты, аман-есен борышын өтеп, қайта оралуда. Әскерде болған уақытында хабарласып тұрдық, ешқандай қиындық болмағанын айтты. Қолына қару ұстап, шынығып, нағыз азамат болып оралды. Техникумда оқып жатқан еді, одан академиялық үзіліс алды, енді соны жалғастырады. 18 жасында кетіп, 19 жаста келді. Өзім кезінде Түрікменстанда 2 жыл әскери борышымды өтегенмін. Ұлым да әскерге барған. Сондықтан туған Отанды қорғау – әрбір ер азаматтың абыройлы міндеті деп санаймын", – дейді елордалық ақсақал Төлеген Жұман.

Аталған әскери бөлімде Райымбек батыр атындағы арнайы мақсаттағы №38 десанттық шабуылдау бригадасының қатардағы жауынгері болған Айдос Женалиев оқуын тәмамдап, жұмыс істеп жүрген кезінде өз еркімен әскерге барған.

"Өзім – Ақтөбенің жігітімін. Жасым 24-те. Астанада жоғары білім алып, еңбек етемін. Былтыр әскери борышымды өтеу туралы шешім қабылдап, Алматы қаласында сол міндетімді атқардым. Әскерде барлық жағдай жасалған. Оқыс оқиға да, ескертулер де болмай, отбасымызға аман-есен келіп жатырмыз. Әскерге барып, қару ұстауды үйрену, әскери тәртіпке бағынып, сарбаз болу, сол арқылы Отаныңа қызмет ету – әрбір ер азаматтың міндеті, кейінгі інілерімді осы міндетінен жалтармауға шақырамын. Бір жыл демде зулап өтіп кетеді, ал сіздің өмірбаяныңызда осындай борышыңызды абыроймен атқарғаныңыз ерлік іс болып қалады", – дейді Айдос.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу