Өткен жылы Павлодар облысындағы өндіріс орындарында орын алған жазатайым жағдайлар кезінде 130 тұрғын түрлі жарақат алды. Олардың 20%-ы – әйел адамдар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодарлық облыстық статистика департаментінің мәліметінше, олардың тең жартысы ауыр жарақаттанды. Олардың қатарында 51 жұмысшы жабық, 12 адам ашық дене жарақатын алды.
"Өндірістік жарақаттардың басым бөлігі облыс орталығында тіркелді. Мұндағы зауыттарда жұмыс істейтін 74 адам, Екібастұз қаласында 32, Ақсуда 15 қызметкер ауруханаға түсті", – делінген хабарламада.
Салалар бойынша саралайтын болсақ, жазатайым жағдайлардың басым бөлігі, яғни 45%-ы өңдеу өнеркәсібінде болады. Екінші орында – тау-кен өнеркәсібі.
Статистикалық деректер, жарақат алатын жұмысшылардың "жасарып" бара жатқанын да көрсетеді. 2020 жылы олардың орташа жасы 45-60 болса, 2021 жылы 45 жасқа дейін зауыт қызметкерлері зардап шекті.
Құндыз Қабылденова