Бюджет шығыстары 2,2 трлн теңгеге артады. қаражат қайда жұмсалады?

605

Биыл республикалық қазынаның шығындары тағы 2 трлн 200 млрд теңгеге артпақ. 

Бюджет шығыстары 2,2 трлн теңгеге артады. қаражат қайда жұмсалады? Фото: egemen.kz

Бұл қаражат Тоқаевтың сайлауалды уәделері мен жолдауын жүзеге асыруға жұмсалады. Осыдан бірер сағат бұрын Сенатта 2023 жылдың бюджетіне енгізілетін өзгерістер таныстырылды. Тек депутаттардың алдына келген шенеуніктер оны таныстыра алмай әлек болды. Сұраққа нақты жауап бермек түгілі, екі сөздің басын қоса алмаған мемлекеттік қызметшілер сенаторлардың ашуына тиді. 

Шенеуніктер  оқушы, дупеутаттар мұғалім. Мұғалім сұрақ қояды, ал оқушылардың сабаққа дайындалып келмегені көрініп тұр. Мәселен, сенаторлар газдандыру жобаларына қатысты көп сұрақ қойды. Алайда, энергетика министрлігінің шенділері ежіктеді де қалды. 

Енді нақтыланған бюджеттің көрсеткіштеріне тоқталсақ. Биыл республикалық қазынаға 19 трлн 300 млрд теңге қаражат түседі. Ал шығындар одан әлдеқайда көп  22,5 млрд. Осылайша қазына 3 трлн 200 млрд теңге тапшылық көреді. Ал Тоқаевтың ұлттық қорға қол салуды қысқартыңдар деген ескертуін билік бұл жолы елеген. Былтыр 4 трлн теңге трансерт алса, биыл небәрі 800 млрд. Десе де бюджет шығыстары қолақпандай 2 трлн 200 млрд теңгеге көбейген. Бұл қаражат Тоқаевтың жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалмақ. Оның ішінде 109 млрд теңге халықты ауыз сумен қамтуға бағытталады, яки 2023-те билік ауылдардың 96 пайызына таза тіршілік нәрін тартамыз дейді. 95 млрд теңге армияны жаңғыртуға жұмсалады. Білім беру мәселелерін шешуге 54 млрд бөлінген. Халықты әлеуметтік қорғауға 234, денсаулық сақтау саласына 149 млрд жұмсау көзделген. Ал Екібастұз бен Петропавлдағы апаттардан кейін билік ЖЭО салу мен жөндеуге биыл 69 млрд теңге бағыттап отыр. Электр энергетикасын дамытуға 74 млрд теңге бөлінген.

Ең қызығы, бюджет биыл да тапшы. Сол дефициттің орнын толтыру үшін Үкімет тағы да сырттан қарыз алады.Осылайша, Үкіметтің берешегі ұлғая береді, ұлғая береді. Тағы бір маңызды мәселе: әскери қызметшілер, полиция, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметі сияқты органдардың қаржыландыруы да артады. Оларға 2,5 трлн теңге бөлінбек. Ақша көбіне жалақы артыруға жұмсалады екен. Алайда, жоғары лауазымды шенеуніктердің  күзетшілері мен Ұлттың қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің жалақысы құпия болып шықты.

Елбасы туралы заңның күші жойылғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың  кеңсесін қаржыландыру қысқарады деп Қаржы министрі сендірген еді. Тұңғыш Президенттің кеңсесіне қазынадан 5,6 млрд теңге бөлінген болатын. Тек биыл Назарбаев канцеляриясының бюджеті небәрі 130 млн теңгеге қысқарады екен. Қорытындылай келе, депутаттар 2023 жылға арналған нақытланған бюджет жобасына шикі деген баға берді. Бірақ алда әлі комитет отырыстары өтеді, түзетулер жан-жақты талқыланып барып қана, Парламенттің жалпы отырысына шығарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу