Бюрократиядан арылу жолдары қандай?

403

Сарапшылар мемлекеттік аппарат қызметін қағазбастылықтан арылтудың жолдарына тоқталды. 

Бюрократиядан арылу жолдары қандай? Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топтың отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz.

"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың сөзінше, халықтан артық құжаттарды талап етпес үшін деректер базасын интеграциялау қажет.

"Мәселен, бір мемлекеттік мекемеге қызмет алу үшін барған кезде 5-6 құжат алып келу секілді талаптары болады. Бірақ бүкіл құжатты олар басқа мемлекеттік мекемелерден алады. Яғни егер осы ақпарат мемлекетте болса, онда неге басқа мемлекеттік мекеме не ұйым оны талап етеді. Шешім ретінде бүкіл ақпараттық жүйелерді интеграциялау және халықтан осы құжаттарды сұратпау ұсынылады", - деді жұмыс тобының мүшесі.

Бұдан бөлек спикер осыған дейін облыс басқармалары өз сұрақтары бойынша тікелей министрлікке хат жаза алмағанын, жұмыс тобының аясында тиісті ұсыныс беріліп, бұл мәселе шешімін тапқанын жеткізді.

"Келесі мәселе салық саласындағы есептілікке қатысты. Қаржы министрлігіне есептілік формаларын азайту және нөл көрсететін есептерді жою туралы ұсыныс енгіздік. Ведомствоның ақпараты бойынша қазіргі таңда 39 есептіліктің 20-сы ғана қалады, 0 көрсететін есептерді жою мәселесі қарастырылып жатыр", - деп атап өтті Дидар Смағұлов.

Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, бюрократиядан арылу дегеніміз негізсіз кедергілер мен мерзімдерді, қажетсіз құжаттарды топтастырып, оңтайландыру.

"Нақты ұсыныстарға келетін болсақ, талдау нәтижесі әр азаматқа мемлекетпен көрсетіліп отырған қызметтердің жүзі түрлі комиссиялардың шешімі арқылы айқындалатыны анықталды. Біз қазіргі уақытта сол комиссияның қаншалықты орынды, неліктен бір мекеменің аясында атқарылмайды – сол мәселелерге жауап іздеудеміз. Бұдан басқа 387 қызмет нәтижесі мерзімді болып отыр. Мерзім өткен сайын азаматтар сол қызметті қайта алуға мәжбүр. Ал бұл әрине жаппай бюрократияға алып келеді деп айтуға болады. Сондықтан осы тұста біз барлық мемлекеттік органды жалпы осы мерзімді белгілеуді немесе мерзімнің мазмұнын талдауға шақырып отырмыз", - деді ол.

Агенттік өкілі азаматтарды мемлекеттік қызметтің ақылы болуы алаңдататынын жеткізді.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет реестріндегі бар қызметтің 40 пайызы ақылы түрде көрсетіледі. Ақылы болғандықтан, қалай болғанда да қызмет алушыға ол бірден бір кедергі. Сондықтан оның негізділігіне біз тағы да тоқталуымыз керек. Мұнда да сұрақтар бар", - деді Салауат Мүксімов.

Жалпы мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша жүргізілген талдау мен мониторинг аясында 373 ұсыныс әзірленген. Жыл басынан бері мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіру бойынша 250 ұсыныс әзірленді.

"Бюрократия неден туындайды? Ең алдымен сенімсіздіктен туындайды. Егер де сенімділік болмаса, онда сол лауазымды тұлға түрлі комиссиямен не басқамен қоршай бастайды. Егер де сенімділік болса, тікелей өзі шешім қабылдайтын болса, ешқандай басқа да артық кезеңдер болмайды. Одан бөлек лауазымды тұлғаның өзінің қорқынышы", - деді Салауат Мүксімов.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, НҚА-дағы қайшылықтарды жою бойынша 33 түзету енгізіліп, "электрондық үкімет" порталында 17 мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Ақпараттық жүйелердің 11 функционалы пысықталып, ақпараттық жүйелерде 11 интеграция жүргізілді, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне 4 жасырын қызмет енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу