БЖЗҚ-ға 45 миллиард теңге қарыз 21 компания жауапқа тартылуда

832

БЖЗҚ-ға 45 миллиард теңге қарыз 21 компания жауапқа тартылуда

Жинақтаушы зейнетақы қорына 45 миллиард теңгені қайтармаған 21 компанияны жауапқа тарту процесі бітер емес. Эмитенттердің барлығы қор қаржысына даму мақсатында қол жеткізген. Тергеу тынымсыз жүргізілгенмен биыл жалпы борыштың небәрі 1 миллион 249 мың теңгесі ғана өндірілген, деп хабарлайды almaty.tv.

"Қордың алдында қайтарылған ақшаның көлемі-жалпы өтелген соммасы-2 миллион 724 мың теңге. Барлық 20 эмитентке қатысты қудалау шаралары жүргізіліп жатыр.  Қайткен күнде де қор бұл жұмысты тоқтатпайтын болады. Міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", - деді "БЖЗҚ" АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Қадыржан Жасұланұлы.

Осылайша, халықтың қорға жинаған қаржысы сәтсіз жобаларға да жаратылып кетеді. Ал инвестицияны қажет еткен кәсіпорындар бұқараға ешқандай есеп бермейді. Соңында, елдің ақшасы талан-таражға түсіп, оны қайтару жолында қор сан жылдарды сарп етуде.  Әйтсе де, жинақтаушы зейнетақы  қорына бұқарадан түскен ақша көлемі артпаса кеміген емес.  Бүгінде салымшылардың ақшасы 7 триллион теңгеден асып жығылады. 

"Салымшылардың жеке есеп шоттарындағы таза инвестициялық табыстың жалпы соммасы 495,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салтырғанда 2,3 пайызға 11,2 миллиард теңгеге өсті", - деді "БЖЗҚ" АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Қадыржан Жасұланұлы.

Бұл еліміздегі 10 миллионнан астам халықтың құйған қаржысынан түскен пайда көлемі.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері қордан төленген зейнетақы төлемінің жалпы сомасы 193 миллиард теңгеден асады. Ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 20 миллиард теңгеге жуық. 

Естеріңізге сала кетейік, енді жаңа жылдан бастап зейнетке шыққан отандастарымыз қордағы жинақтарын ай сайын бөліп ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу