БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық табысы қанша

1040

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы инвестициялық табыс 2020 жылы –  80,4%-ға, ал 2021 жылы – 10,8%-ға өскен.

БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық табысы қанша

Биыл ақпанда қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы қаржысы 13,1 трлн теңге болды. Жинақ салымшылардың шоттарына кезең-кезеңімен түсетін зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс есебінен қалыптасты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Мұнда инвестициялық табыстың үлесі айтарлықтай. Барлық зейнетақы активі БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап (2014 жылы) 2022 жылғы 1 ақпанға дейін 6,5 трлн теңге немесе қазақстандықтардың барлық зейнетақы жинағының шамамен 50%-на тең болды. 

Азаматтардың жинақтарындағы инвестициялық табыстың жоғары үлесі зейнетақы активін басқарудағы сапалы жұмыспен байланысты. 

Тұрақты табысты және және зейнетақы жинағындағы ақшаны сақтау үшін ЖЗҚ инвестициялық портфелі әлемдегі үрдістерді, қазіргі тәуекелдер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, үнемі әртараптандырылады. Мысалы, бес жыл бұрын 2017 жылғы 1 ақпанда облигациялар мен мемлекеттік бағалы қағаздардың (МБҚ) үлесіне бүкіл портфельдің 81% тиесілі болса, биыл оның үлесі 59% болды.

Сондай-ақ бүгінде шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздар елеулі үлесті алады – 17%, ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 5%-ға жетпейтін.

Тағы бір маңызды өзгеріс — зейнетақы активтерінің бір бөлігін ірі шетелдік инвестициялық компанияларға басқаруға беру. Мұндағы үлес – 11%. 

Қаржы құралдарын әртараптандырудан басқа, инвестициялау валютасының портфелі де өзгеріп жатыр. Мысалы, 2017 жылдың басында ұлттық валютадағы инвестиция үлесі 77,5% болса, қазіргі үлес 68,2%-ға тең. Доллардағы инвестиция салмағы 21,9%-дан 31,8%-ға дейін өсті.

Мұндай әртараптандыру оң қаржылық нәтиже мен жоғары кірістілікті көрсетті. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақыдан, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістен және тағы басқа фактор есебінен қалыптасады.

Жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) 2022 жылғы 1 ақпанға дейін инвестициялық табыс көрсеткіші 681,75% болды, ал тиісті кезеңдегі инфляция – 551,29%. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі пайдаланылғаннан бастап, 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі зейнетақы активінің нақты кірістілігі 130,46% болды.

Зейнетақы активін басқару сапасы "коронадағдарыс" кезеңінде де оң нәтиже көрсетті. 2020 жылдан бастап әлемдегі қаржы нарықтарында жоғары құбылмалылық пен белгісіздік байқалғанымен, Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табыс айтарлықтай өсіп, өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай рекорд жаңартты. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 80,4%, 1,3 трлн теңгеге дейін, 2021 жылы – 10,8%, 1,4 трлн теңгеге дейін өсті.

2022 жылғы қаңтарда Қазақстандағы және шетелдегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, биыл бірінші айда таза инвестициялық табыс оң динамиканы көрсетті – 10,6 млрд теңге. Бұл серпін қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы ақшасының сақталуын және есептелген инвестициялық табыс есебінен олардың жоспарлы түрде ұлғаюын растайды.

Сондай-ақ зейнетақы жинағының мемлекеттік кепілдікпен қорғалғаны да маңызды. ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес мемлекет зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жинағының сақталуына кепілдік береді. Әлемде баламасы жоқ бұл норма салымшылардың жинақтарын инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу