Бүгін Черногория билігі "НеМолчи" қорының басшысын қамаудан босатып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Белсендінің босатылғанын "НеМолчи" қорының парақшасы хабарлады.
– Динаны босатты! Бостандыққа шықты! Черногория Жоғарғы соты Динаны экстрадициялаудан бас тартты! Баршаңызға көп рақмет! Дұғаларыңыз үшін, ыстық лебіздеріңіз үшін. Жеңілдегеннен жылап жатырмыз. Енді Динаның өзі байланысқа шығады, – делінген қор парақшасында.
Айта кетейік, 14 сәуірде Черногорияда Дина Таңсәрінің ұсталғаны хабарланды.
Кейіннен әлеуметтік желіде белсенділер аталған жайтқа көпшіліктің назарын аударған еді.
– Құқық қорғаушыларды, сондай-ақ жергілікті және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарын бұл жағдайға назар аударуға шақырамыз. Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, төмендегі WhatsApp нөмірі арқылы байланысуға болады, – деп жазылған еді жазбаларда.