Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерін жаппай қысқарту мақсаты жоқ екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер: "Цифрландыруға байланысты ХҚКО-ның қанша қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін?" деген сұрақ қойды.
Ростислав Коняшкиннің сөзінше, трафик пен клиенттер саны азайған жағдайда қызметкерлерді басқа бағыттарға қайта бөлу процесі жүреді.
"Қызметкерлерге келетін болсақ, біз оларды бағыттап, консультация беруге жұмылдырамыз. Екіншіден, қазір "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ тек мемлекеттік қызметтер бойынша емес, жалпы мемлекет пен азаматтар арасындағы коммуникация саласы бойынша да құзыреттілік орталығына айналып келеді. Коммуникация форматының үнемі өзгеріп отыратынын түсінеміз, ал ХҚКО мен "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері – мемлекеттік қызметтер бойынша ең білікті мамандардың бірі", – деді вице-министр Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Мемлекеттің ХҚКО қызметкерлерін жұмыстан қысқарту мақсаты жоқ, деп атап өтті ол.
"Қазіргі уақытта бос штаттық бірліктерді қысқарттық. Жаңа қызметкерлерді қабылдауға тұрақты түрде мораторий жариялап, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді қысқартпауға тырысамыз", – деп түсіндірді.