Цифрлық технологияларды жетік меңгерген 400-ден астам ерікті азаматтарға көмектеседі

1150

Қазақстанның IX Азаматтық форумы аясында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы талқыланды.

Цифрлық технологияларды жетік меңгерген 400-ден астам ерікті азаматтарға көмектеседі

"Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы" тақырыбында Қазақстанның IX Азаматтық форумы аясында онлайн форматта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова ҮЕҰ өкілдерімен "халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартудағы азаматтық қоғамның рөлі" тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесу барысында агенттік Төрағасы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеуде әрдайым белсенділік танытатын қоғам қайраткерлерінің белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымын атап өтті.

"Қызмет көрсету сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында агенттіктің бастамасымен барлық өңірлерде қоғамдық ұйымдар мүшелері мен мемлекеттік қызметшілерден тұратын ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, жұмыс істеуде. Азаматтық қоғамның қатысуымен халықты цифрлық сауаттылыққа оқытуды ұйымдастыру арқылы "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша шаралар қабылдануда", – деп атап өтті Анар Жайылғанова.

400-ден астам цифрлық технологияларды жетік меңгерген еріктілер азаматтарға автоматтандыру аясында жүзеге асырылған қызметтерді көрсету үдерісіндегі жаңалықтарды игеруге көмектеседі.

Жыл сайын азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуге қатысады.

Биылғы жылы 9000-нан астам респондентті қамтитын 70 әлеуметтік маңызды қызмет бойынша қоғамдық мониторинг жүргізілуде, оның нәтижелері осы жылдың желтоқсан айында белгілі болады.

Онлайн іс-шараға өңірлік үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық кеңестерінің мүшелері қатысты.

Қатысушылар Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Ақмола облысының "Шанс" ҚБ төрағасы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін әкімшілік кедергілерді одан әрі жою керектігіне назар аударды.

Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы Айтуған Шайхимов агенттікке халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқаны және мемлекеттік органның жергілікті жерлердегі мәселелерді назардан тыс қалдырмайтыны, сондай-ақ волонтерлік қызметке айрықша көңіл бөліп отырғандары үшін  алғысын білдірді.

Кездесу барысында қатысушылар сұрақтарына  толық жауап алды.

Іс-шара соңында Анар Жайылғанова кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, өзінің тұрғындар үшін әрдайым ашық екенін атап өтті.

"Барлық мемлекеттік қызметшілерді осы қағиданы ұстануға және азаматтық сектормен белсенді жұмыс істеуге шақырамын"-деді Анар Жайылғанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу