Цифрлық теңге бойынша пилоттық жобаның нәтижесі жыл соңында жарияланады

603

Ұлттық банк қазанда цифрлы теңгені технологиялық платформада сынақтан өткізіп көрді.

Цифрлық теңге бойынша пилоттық жобаның нәтижесі жыл соңында жарияланады Фото: Kazakhstan Today

Жобаға 400 адам қатысып, қарапайым операциялар жасады. Зат сатып алып, қызмет ақысын төледі. Ал жобалаушылар бағдарлама тіліндегі ақшаның қалай қолданылғанын сараптады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мысалы, кофеге бөлінген ақша тек осы мақсатқа жұмсалуы тиіс. Бұл технология қазына қаржысының қаншалықты мақсатты жұмсалғанын қадағалай алады, дейді мамандар.  

"Цифрлық теңге қадағалаудың құралы емес екенін атап өту маңызды, Біз тұтынушының құпия болуын қамтамасыз ететін технологияларға ерекше назар аудардық. Тұтынушы деректерін кіммен бөлісіп, кіммен бөліспейтінін өзі шешеді", – дейді ҚР Ұлттық банкінің төлем және қаржы технологиялары орталығының төрағасы Бинұр Жәленов.

Бұдан бөлек, пилоттық жобада интернетсіз, яғни офлайн төлем жасау қарастырылған. Ақша тізбек бойынша бір телефоннан екіншісіне жіберіледі. Ал кибер-қауіпсіздік үшін алаңдамауға болады. 

"Блокчейн технологиясының арқасында хакерлік шабуылға берік жүйе жасақталған. Цифрлық теңгенің экономикалық тиімділігіне келсек, сандық форматтағы ақша айналымы көлеңкелі экономиканы азайтып, коррупцияның көзін жояр еді", дейді сарапшылар.   

"Елімізді міндетті декларация енгізіліп жатыр. Бұл әрине шығын. Егер цифрлы теңге енгізілсе, мұның бәрін онлайн-мониторинг арқылы тапсыруға болады. Ақша айналымы цифрлы формада болса, кірісіңіз ашық көрініп тұрады. Қосымша есеп тапсырудың керегі жоқ. Халықтың кірісін декларациялауды толығымен алып тастауға болады", – деді Экономист Арман Байғанов.  

Цифрлы теңгенің нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Ұлттық банк пилоттық жоба, зерттеулер мен халықаралық тәжірибелерді саралай отырып, жылдың соңында нақты шешімін мәлімдейді. Десе де, цифрлы теңге кезең-кезеңімен енгізіледі. Мысалы, Қытайда өз валютасын цифрландыру 7 жыл, Швецияда 8 жыл бұрын басталған.  

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу