Гимнаст көрермендердің көз алдында болған оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қарағандыда цирк қойылымы кезінде жазатайым оқиға болды. Күрделі акробатикалық нөмір орындап жатқан 23 жастағы әртіс шамамен 5 метр биіктіктен бетон еденге құлаған.
Жас әртіс неміс циркінің құрамында өнер көрсеткен. Қойылымның соңына қарай ол тепе-теңдігін сақтай алмай, биіктен құлап кеткен. Соққыдан кейін орнынан тұра алмаған оған әріптестері жедел жәрдем шақырған.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен азамат профессор Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жатқызылған.
– Науқас шұғыл травматология бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.