Ресейдің Ростов-на-Дону қаласында цирктегі қойылым кезінде жолбарыс көрермендер отырған залға секіріп кеткен. Оқиға орнынан түсірілген видео желіде тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға қаладағы Довгалюк әулетінің циркінде болған. Қойылым кезінде манеж бен көрермендер арасындағы қорғаныс торы құлап кеткен. Осы сәтте жолбарыстардың бірі көрермендер отырған жаққа секірген.
Кадрлардан жолбарыстың көрермен залының адам жоқ бөлігіндегі орындықтардың арасында жүргенін көруге болады. Цирк қызметкерлері халықты сабыр сақтауға шақырған.
Құзырлы орган ешкім зардап шекпегенін хабарлады. Жыртқыш аң бірден оқшауланып, вольерге қайтарылды.
"Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Ростов облысы бойынша тергеу басқармасы Ростов-на-Дону қаласының Ворошилов ауданы бойынша тергеу бөлімі бұл дерек бойынша процессуалдық тексеруді бастады. Тексеру барысында цирк қойылымын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына, сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетіне баға беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – делінген хабарламада.