Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі аясында халықаралық косплей байқауы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қатысушылардың өнерін әлемдік косплей индустриясының танымал өкілдері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздарынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Қазылар алқасының құрамында әлемге танымал германиялық Kamui Cosplay шығармашылық дуэті бар. Олар күрделі әрі жоғары деңгейде орындалған костюмдерімен танылған косплей индустриясының жетекші өкілдерінің бірі.
Байқауға кәсіби косплейші әрі халықаралық фестивальдердің төрешісі Leon Chiro да қазылық етеді. Сонымен қатар халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Sazura, Zakos Crowman, Таис Туканова және Анна Brickus қатысушылардың жұмыстарын бағалайды. Қазылар құрамына Comic Con Astana 2025 фестивалінің Гран-при иегері Эмилия Grafomanka да енді.
Халықаралық косплей байқауы түрлі елдерден келген қатысушылардың басын қосады. Биыл оның жүлде қоры 20 млн теңгені құрап, өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналмақ.
Бесінші халықаралық Comic Con Astana фестивалі 6-9 тамыз аралығында Астанадағы Barys Arena мен "Алау" мұз сарайында өтеді.
Фестивальдің басты қонақтары арасында "Тақтар ойыны" жұлдызы Николай Костер-Вальдау, Peaky Blinders сериалындағы Артур Шелби рөлін сомдаған Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының актерлері Иньяки Годой мен Таз Скайлар бар.
Актерлер басты сахнада өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ қолтаңба беру және фотосессияларға қатысады.
Фестивальде Қазақстан атынан Silk Way Star халықаралық телевизиялық вокалдық байқауына қатысқан оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобы да өнер көрсетеді.
Келушілерді ауқымды көрме аймағы, ойын алаңдары, жаңа өнімдердің таныстырылымдары, интерактивті стендтер мен тақырыптық іс-шаралар күтеді.
Басты сахна мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena-да өтеді. Ал "Алау" мұз сарайында арнайы тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын және интерактивті алаңдар орналасады.