COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау саласын әбігерге салды

870

Мәжілісте өткен үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау саласын әбігерге салды

"Өкінішке қарай өткен жылдың қайғылы салдары санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің әлсіз тұстарын көрсетті. 2020 жылы ауру өршіп тұрған кезде 11 350 азаматымыз коронавирустан қайтыс болды. Бұған аурудың өзі ғана емес, елдің денсаулық сақтау жүйесінде орын алған кемшіліктер де себеп болды", – деді Балайым Кесебаева. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шұғыл түрде инфекциялық аурухана cалынып, мамандар қайта оқытылғанын, емдеудің клиникалық хаттамасы бірнеше рет өзгергенін, вирусқа қарсы қолданатын медициналық препараттар мен техника тапшы болғанын еске салды. 

"Ауруханалар мен емханаларда хаос орнады. Аурудың жалыны науқастарды ғана емес, медицина қызметкерлерін де шарпыды", – деді Балайым Кесебаева.

Бұдан кейін ол  "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодексте бас санитарлық дәрігердің ерекше мәртебесі белгіленіп, оның өкілеттігі айқындалғанын айтты. 

"Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілеттігі кеңейтілді. Үйде шұғыл медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалар құрылып, дәрілік препараттардың тұрақты қоры қалыптасты. 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізде COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау жүргізілуде. Отандық "QazVac" вакцинасы әзірленді. Басқа елдердің вакциналарын қолдану оң нәтиже көрсетті. Жедел қабылданған шаралар мен бірлескен күш-жігер санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартып, жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Алайда мұнымен тоқталып қалуға болмайды", – деді Балайым Кесебаева.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу