Дағыстанда Дербент ауданындағы бөгетке жауапты компанияның бұрынғы бас директоры ұсталды. Бұл туралы жексенбі күні Ресейдің Тергеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ер адам қауіпсіздік талаптарын бұзды, нысанның техникалық жағдайына тиісті бақылау жасамады және анықталған кемшіліктерді жоймаған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты INTERFAX агенттігіне сілтеме жасап.
"Дағыстан республикасында гидротехникалық нысандарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзылуы салдарынан адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс аясында коммерциялық ұйымның бұрынғы бас директоры ұсталды", – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, күдікті қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар нысанның техникалық жағдайына тиісті бақылау ұйымдастырмай, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін тиісті шараларды уақытында қабылдамаған. Ер адам Ресей Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігі және осы кодекстің 246-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында ұсталды.
Дағыстанда жауған нөсер жаңбыр алапат су тасқынына ұласқан болатын. Махачкала, Хасавюрт, Буйнакск, Дагестанские Огни, Каспийск қалаларында, сондай-ақ Дербент, Қарабудахкент, Хасавюрт, Гумбетов, Бабаюрт, Новолак және Қайтаг аудандарында төтенше жағдай режимі енгізілді. Кейіннен аймақта федералдық деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды.
Дербент ауданындағы республикалық маңызы бар тас жолдың бір бөлігін су шайып кетті. Геджух су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан Дербент ауданындағы төрт шағын ауданнан 4 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, табиғи апаттан 6 адам қаза тауып, 6,2 мыңнан астам адам зардап шекті. Адам өлімі деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Айта кету керек, бұған дейін Дағыстанда бөгет құлап, 6 ауылдың тұрғындары эвакуацияланғанын жазғанбыз.