"Дайын файлды шығарып береді": Депутат нотариустар қызметінің бағасын қайта қарауды ұсынды

368

Халық қалаулысы баға қымбат деп отыр.

"Дайын файлды шығарып береді": Депутат нотариустар қызметінің бағасын қайта қарауды ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев нотариустар қызметтерінің бағасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Халыққа ең маңызды нотариус қызметтерінің бағасына назар аударамыз. Біз нотариусқа барамыз, отырамыз, олар компьютерін ашады, дайын файлды ашады, пернетақтасын бір-екі рет басады. Сөйте тұра мыңдаған теңгені төле деп бізден талап етеді. Мысалы, көлік жүргізуге берілетін сенімхаттың бағасы – 17300 теңге. Оны рәсімдеуге 10 минут қана кетеді. Аудармашы сондай бір парақ қағазды тәржімалауға жарты сағат жұмсайды, бірақ оның құны 900 теңге. Міне, осыдан-ақ байқауға болады. Осындайда тарифтердің әділдігі қайда деген заңды сұрақ туындайды. Тағы бір мысал, ипотека бойынша мүлікті сату-сатып алу келісімшартын рәсімдеуге 17300 теңге кетеді. Ал оған қарағанда жұмысы жеңілірек, қарапайым келісімшартты рәсімдегенде 51900 теңге болады", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Анас Баққожаевтың айтуынша, шетелдің және Қазақстанның азаматтарына қолтаңбаны рәсімдеу, оны растау нотариустарда 2292 теңге тұрады. 

"Мен баға қолайлы екенін түсінемін, бірақ шетелден Қазақстанға ақшасымен келіп, компания ашып, бизнес жасаймын деген азаматтарды тексеру де оңай жұмыс емес. Неге оның бағасы бірдей болуы керек? Мәселе тарифтердің ескіргенінде жатыр. Тарифтерді әзірлегенде зерттеу жұмысын жүргізіп, экономикалық негіздемесін әзірлегенге 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде цифрландыру болды, көптеген электрондық базалар бар. Нотариустың жұмысы әжептеуір жеңілдеді. Бірақ бағасы өзгермейді, бәрі АЕК-ке байланған, жыл сайын өзгереді, баға да өсіп жатыр", – деп түсіндірді мәжілісмен.

Сонымен қатар нотариус санына да көңіл бөлу ұсынылып отыр. 

"Нотариустардың саны тым көп сияқты. Әділет министрлігіне ақша бөлдіріп, әдістемені қайтадан жасатып, нотариус нақты қанша шығындалады, қандай жұмыс атқарады, қанша уақыт кетіреді соны әділ түрде есептеп, бағаларды реттеуді сұраймыз", – деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу