Даниал Ахметов: Көршілес Қытайға картоп экспорттағымыз келеді

818

Даниал Ахметов: Көршілес Қытайға картоп экспорттағымыз келеді

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің еліміздегі Нидерланд Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен өткен кездесуі барысында негізінен ауыл шаруашылығы төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Соның бірі Шығыс Қазақстанда голланд технологиясы бойынша көкөніс, әсіресе картоп өсіруге қатысты болды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстанда жылына шамамен 500 мың тонна картоп өсіріледі. Енді облыс аграрилері алдына өнім мөлшерін бірнеше есеге дейін өсіру міндеті қойылып отыр. Ол үшін шетелдік, оның ішінде нидерландтық мамандармен бірлесіп жұмыс жүргізу қажет.

"Рас, біздің агросектор қарқынды даму үстінде. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Десек те, голландтық агросектордың деңгейіне жету үшін бізге әлі де көп еңбектену қажет. Сіздерден үйренеріміз көп. Менің пайымдауымша, біздің аграрилер Нидерланд Корольдігіне барып, сол жақтағы әріптестерімен кездесіп, тәжірибе жинақтап қайтуға тиіс. Сол жағынан қолдау көрсеткеңіздер тамаша болар еді", – деген облыс әкімі.

Аймақ басшысының мәлімдеуінше, қазір Қытайдың Шығыс Қазақстанмен көршілес Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына картоп экспорттаудың оңтайлы мүмкіндігі туындап отыр. Кездесуде белгілі болғандай, 26 миллиондай халқы бар ШҰАА-да жыл сайын 700 мыңнан астам тонна картоп өсіріледі екен. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 1 миллион 400 мың тұрғыны бар Шығыс Қазақстанда жылына 500 мың тонна картоп өндіріледі. Демек, көршілес елде картоп тапшылығы бар деген тұжырым жасауға болады.

"Сіздердің озық технологияларыңызды пайдалана отырып, көршілес Қытайға картоп экспорттағымыз келеді. Жалпы, бізде картоп қана емес, өзге де бақша дақылдарын, сүт өнімдерін өндіруге тамаша жағдай жасалған. Сондықтан нидерландтық әріптестерімізбен байланысымызды нығайта түсуге мүдделіміз", – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде шетелдік мейман Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуеті туралы көп естігенін айтып, Нидерланд Корольдігі де облысымызбен әріптес болуға дайын екенін жеткізді.

"Нидерланд Корольдігі Қазақстанның Еуроодақтағы басты әріптестерінің бірі. Сондай-ақ біздің ел сіздердің Республикаларыңыздың бірқатар саладағы негізгі инвесторы да болып табылады. Әсіресе, Қазақстанға Голландиядан азық-түлік өнімдері көп экспортталады. Бұл байланыс одан әрі де жалғасын табады деп сенемін. Ал енді сіздің агросектор мамандарына қатысты ұсынысыңызды қуана қолдаймын. Біз қазақстандық аграрилермен тәжірибе бөлісуге дайынбыз", – деді Копп мырза.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысына іссапары аясында Нидерланд Корольдігінің елшісі ертең Курчатов қаласына барып, ұлттық ядролық орталық жұмысымен танысып қайтпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу