Хабарымызды қаржы жаңалықтарымен жалғастырамыз. Экономиканың долларлануы Қазақстан үшін үлкен проблема. Ол ұлттық банк пен екінші деңгейлі қаржы институттарының жұмысына кері әсерін тигізеді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев журналистерге осындай пікірін білдірді. Алайда, төраға қатаң саясат ұстанбай-ақ шетел валютасын ығыстырудың жолдары бар екендігін және ол нәтижесін көрсеткендігін атап өтті.
Данияр Ақышев, ҚР ұлттық банкінің төрағасы:
"Біз теңгедегі депозиттердің мөлшерлемесін көтеріп, шетел валютасыүшін, керісінше кеміттік. Нәтижесінде жеке тұлғалар мен кәсіпорын, ұйымдар өз активтерін ұлттық ақшаға ауыстырды. Соңғы 15 айда теңге доллардан асып түсті."
Сәуірдің соңында теңгемен сақталған депозиттер көлемі 9 090,2 млрд, доллармен жиналғаны 8 654,7 млрд теңгені құрапты. Осылайша өткен жылдың қаңтарында долларландыру 80 пайызды көрсетсе, қазір 48,8%-ға дейін түскен.