Дариға Назарбаева Үкіметтен Zhas Project жобасын жалғастыруды сұрады

1239

3 жылда Zhas Project жобасына 9000 жас қатысқан.

Дариға Назарбаева Үкіметтен Zhas Project жобасын жалғастыруды сұрады Фото: parlam.kz

Елордада Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасының 2019 жылғы нәтижелері қорытындыланды. Шараға Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева қатысып, Үкіметтен аталмыш жобаны жалғастыруды сұрады.

"Бұл жобаға қатысқан әрбір жастың үкен жетістіктерге жететініне сенемін. Әрқайсың білікті азамат боласыңдар, бай бизнесмен боласыңдар. Қандай жетістікке жететіндерің өз қолдарыңда. Бірақ бізден көмек тұтатын азаматтарымызды ұмытпаңыздар. Осы жобаға қатысқан кезде мұқтаж жандарға көмек көрсеткендеріңізді білеміз. Сол адамдар туралы ұмытып кетпеңдер. Әлеуметтік бизнес дами берсін", – деген Сенат спикері аталмыш жоба Қазақстан жастарының қаншалықты талантты әрі талапты екенін көрсеткенін айтты.

"Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен осы жоба аясында іске асқан әрбір жоба ертең іргелі өндіріс ошағына айналады деген сенім бар.  Сіздер ұсынып отырған өнім мен қызметтің бәріне сұраныс бар.  Біз қазақстандық өндірістің өнімін сағынып қалдық. Біз бәрін өзіміз жасай аламыз. Тек өндірушілер ғана емес, тұтынушылар да қазақстандық өнімге көңіл аударатын кез келді. Ол үшін біз шығарған өнім сапалы, әдемі, жарқын, пайдалы болуы керек. Осы жеткен жетістікке тоқмейілсіп қалуға болмайды. Жетілудің шегі жоқ. Бүгін біз күрделі, бәсекелі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін бір адымды кем жасасаң, ертең 5 қадамға кеш қалдың деген сөз. Сондықтан өміріміз стреске бейім. Шеңбер ішінде тынымсыз жүгірген тиін сияқты өзгелерден қалыспау үшін талпынып келеміз. Бұл жақсы. Өйткені амбициясыз арманға жету мүмкін емес", – деді Дариға Назарбаева. 

Сенат басшысы  осы жобаны 3 жыл бойы қаржыландырған Дүниежүзілік банкке  қазақстандықтар атынан алғыс айтты.

"Дүниежүзілік банкке осы жобаны сәтті жүзеге асыруға көмектескені үшін алғыс айтамын. Оған 9000-нан астам жас қатысты. Олар іске асырған 2000-нан астам жобаны әлеуеті бар кәсіпорын деуге болады. Жобаға қатысқан жастардың 60%-ы ауыл жастары. Тағыбір бөлігін мүмкіндігі шектеулі жастар құрап отыр. Жоба осындай адамдардың ішінде қаншама мүмкіндік жатқанын көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартып жатқан кәсіпорындарда болдым. Ондай адамдардың көзінен от көрдім. Сіздерге бастаған істеріңізде табыс тілеймін. Ал Үкіметтен аталмыш бағдарламаны жалғастыруды сұраймыз", – деді ол.

Zhas Project жобасы 2017 жылдан бері еліміздің барлық өңірін қамтып, Дүниежүзілік банк 2679 жобаға 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант бөлген.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу