Дәрігерлер айлықтың азайғанына наразы

444

Жамбыл облысында жалақыны қысқартқан басшыға 40-қа жуық дәрігер қарсылықтарын білдірді. Аудандық аурухана алдында шу шығарып, бастық кабинетіне басып кірді. 

Дәрігерлер айлықтың азайғанына наразы

Дәрігерлер дауы Талас ауданындағы ауруханадан шықты. Әуелі әр бөлімнен  жиналған ақхалаттылар аурухана алдында басшы былығын жайып салды. Басты базына  біреу. Жалақы аз. Ендігі жанға батқаны әлгі жалақымыздың өзін  жырымдап тастады, дейді. 

Бас дәрігер базынасы барларды біртіндеп тыңдады. Айлықтың қысқаруы бұйрыққа сай бұлжытпай орындалған іс деп отыр.  Жыл аяғы таяған соң, бюджеттегі  қаржы тапшылығы туындапты. Сөйтіп амалсыз осындай шешім шығардық дейді.  Оның өзі заң аясында деп сендірді.

"Үкіметтің 1193-ші қаулысына сәйкес, бұрын түңгі жұмыс істеген кісілер екі есе алып жүрген болса, келісім шартта көрсетілген.Енді 1.5 есеге азайып отыр", дейді Талас аудандық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев.

Бас дәрігер бөлім басшыларымен күз басында жиын өткізіп, ұжымға түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Енді келер жылдан бастап жалақы жырын басшылық түзетпек. Бұдан өзге қызметкерлер сыйақы беруде алалау бар дейді. Тіпті карантинде үстемақыны тиісті деңгейде үлестіре алмаған басшыға өкпесі қара қазан. 

Бұл күні бас дәрігер кабинеті нағыз диалог алаңына айналды.  Айлығы аз, алайда жүктемесі көп қызметкерлер үшін басшылық кезекшілік кестесін реттемек. Кәсіподақ жұмысын жүйеге келтіемін деп отыр. 

"Ұсыныстардың бәрін алып, жинақтап, бәрін бір жобаға түсіріп, бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Шешімін табады деп ойлаймын", дейді Талас аудандық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев.

Талаптарды тік тұрып тыңдаған басшы енді ауруханадағы 640 маманның әрбір арыз-шағымын тыңдауға әзірмін дейді. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу