Ол ұшақтағы жайсыз оқиғаны дер кезінде таспалап үлгерген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиғаның Астана-Алматы бағытындағы ұшақта болғаны анықталды.
– КС 622 рейсі. Астана-Алматы. Таңертеңгі уақыт. Ұшақ ұшу жолағына қарай бағыт алған еді. Ұйықтап кетіппін. Мені үрейлі дауыс оятты. "Стюардесса! Стюардесса! Қыз баланың жағдайы нашарлап кетті. Дәрігер керек!" деген дауыс естілді. Дәл осы уақытта бір әйел келіп, бойжеткеннің есін жиюға көмектесті, қан қысымын тексерді. Стюардессалар ары-бері жүгіріп, майлық, пакет (қыз баланың жүрегі айнып кетті) алып келді, – деп жазды желі қолданушысы.
Бір қызығы, ол алғашқы көмек қолын созған адамды кейіннен ғана таныған. Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова болып шықты.
– Стюардесса көмек көрсеткен әйел адамнан кім екенін сұрады. Қан қысымын өлшеп, пакетін ауыстырған әйел адам ақырын ғана "мен – дәрігермін" деп жұмысын ары қарай жалғастырды. Дәрі, шай, су беріп, есін жинаған соң, Алматыға дейін ұша алатыны сұрады. Қыз "иә" деген соң ғана ары қарай ұшуға дайындалдық. Ал көмек көрсеткен дәрігер Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екен, – деді желі қолданушысы.
Пікірлер алаңында көпшілік министрге алғыс айтып, жылы сөзін жаудырып жатыр.